Ұрланған жастық шақ: 14 жасында Сирияға әкетіліп, өмірі темір торда өтіп жатқан бозбаланың ашық сыры
Редакциядан: Радикалды діни идеологияның құрбаны тек өз бетінше шешім қабылдайтын ересектер ғана емес. Көп жағдайда ата-анасының жетегіне еріп, санасы енді ғана қалыптасып келе жатқан жасөспірімдердің де тағдыры талқандалады. 2001 жылы туған кейіпкеріміз небары 13 жасында отбасымен бірге Сириядағы соғыс ошағына аттанған. Әкесі мен ағасынан айырылып, балалығы мен бозбала шағын қантөгістің ортасында өткізген ол «Жусан» операциясы арқылы елге оралғанымен, кәмелетке толуына байланысты заң алдында жауапқа тартылып, бүгінде 7 жылдық жазасын колонияда өтеп жатыр. Төменде жастық шағы ұрланған бозбаланың ашық сұхбатын ұсынамыз.
Ағаның ықпалы және Астана арқылы басталған «бетбұрыс»
– Өзіңіздің өскен ортаңыз, отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Барлығы қалай басталды? Үйде неше ағайынды едіңіздер?
– Біз отбасында бес ағайындымыз. Мен 2001 жылы туғанмын. Үйде екі ағам, бір әпкем, бір қарындасым және мен бармын. Қарапайым ғана шаңырақ болатынбыз. Барлығы ағамның теріс діни ағымға бет бұруынан басталды. Ол дінге қатты кіріп, көп ұзамай осы ойларын үйге де таси бастады. Әкем мен анама уағыз айтып, олардың санасын жаулап алды. Тіпті әкем мен анамды көндіріп, Астанаға барып келген кездері де болды. Сол сапардан кейін әкемнің де діни көзқарасы күрт өзгеріп, радикалды ойларға біржола ден қойды.
– Сонымен бүкіл отбасы болып Сирияға аттану туралы шешім қабылданды ма?
– Иә. Ағамның айтуымен әкем де көніп, 2014 жылдардың шамасында бүкіл шаңырағымызбен жат жерге жол тарттық. Екі ағам, әпкем, қарындасым, мен, сондай-ақ әкем мен анам — барлығымыз Сирияға бір-ақ күнде аттанып кеттік. Ол кезде мен небары 13-14 жастағы жасөспірім едім. Бала болған соң, үлкендер қайда барса, солардың соңынан еруден басқа амалым болмады. Ол жақта не күтіп тұрғанын түсінген де жоқпын.
Сананы улау мен әскери дайындық: лагерьдегі 3 ай
– Сирияға барған соң сіздерді қайда апарды? Дайындық қалай жүргізілді?
– Ол жаққа бара сала мені бірден арнайы лагерьге алып барды. Ол кезде баламын, айналадағы қаруланған адамдарды көріп қатты қорықтым. Бірақ ешкім жасыңа қарамайды екен. Біз ол лагерьде үш айдай болдық.
Дайындықтың алғашқы бір айында таза идеологиялық өңдеу жүрді. Ислам дінін желеу етіп, бізге күні-түні жалған уағыз айтты. «Бұл – нағыз ислам мемлекеті, осы жолда өлу парыз, өздеріңді шахид қылып жаруларың керек» деп, санамызды өлімге, өзін-өзі құрбан етуге бейімдеп улады.
Одан кейінгі бір ай бойы соғыс техникалары мен қару-жарақты меңгеруге кірістік. Қалай соғысу керек, автоматты қалай ұстау, қалай оқтау және қалай ату керектігін үйретті. Ал қалған уақытта осы соғыс тактикаларын пысықтады. Сөйтіп, мектепте оқитын жасымда, үш айдың ішінде балалық шағым біржола ұрланып, қолыма автомат ұстаған соғыс құралына айналдым.
Отбасындағы қаза: аға мен әкенің өлімі
– Жанұяңыз соғыс зардабын қалай тартты?
– Ең үлкен қасіретті сол жерде бастан кештік. Бізді сол жаққа бастап барған ағам осы жалған уағыздың шырмауынан шыға алмай, 2016 жылдың шілде айында алдыңғы шепте жүріп, қаза тапты. Денесіне жауған оқтан көз алдымызда мерт болды. Ал арада бір жыл өткен соң, 2017 жылы соғыстың кезекті бір шайқасында әкем де оққа ұшып, қайтыс болды. Шаңырақтың қос тірегінен айырылып, жат елде анамыз бен бауырларымыз қорғансыз, панасыз қалдық.
Ниқаб жамылып қашу және «Жусан» операциясы
– Қате жолда жүргендеріңізді қашан түсіндіңіздер? Кері қайтуға қалай әрекет жасадыңыздар?
– 2018 жылға қарай бұл болып жатқан нәрсенің барлығы сұмдық қателік, нағыз қантөгіс пен бүлік екенін түсіндік. Үйде қалған ағам, әпкем, қарындасым, анам және мен ақылдасып, қалайда бұл тозақтан қашып шығудың амалын қарастыра бастадық. Бірақ ол оңай емес еді. Себебі көшеде жүрген ер азаматтардың барлығын күштеп ұстап алып, соғысқа салып жатты. Мені де майдан шебіне алып кетпеуі үшін, еркек екенімді жасырып, әйелдердің киімін — ниқаб киіп жүруге мәжбүр болдым. Сөйтіп жасырынып, қашып жүріп, 2019 жылдың басында Қазақстанның «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы туралы естідік. Аман қалудың жалғыз жолы осы болды. Барлық қиындықтан өтіп, отбасымызбен сол операцияға ілігіп, ақыры туған елге оралдық.
Заң алдындағы жауапкершілік және бүгінгі өкініш
– Қазақстанға оралған соң жағдайларыңыз қалай болды? Заң бойынша қандай үкім шығарылды?
– Елге келген кезде мен кәмелеттік жасқа — 18-ге толып кеткен едім. Сондықтан тергеу басталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 257-бабы («Террористік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу») бойынша іс қозғалды. Ағам екеуміз сотталдық, сондай-ақ әпкемнің де ісі қаралды. Ал анам мен қарындасым бостандықта қалды, қазір олар Қазалыда тұрып жатыр. Маған сот үкімімен 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қазір сол жазамды колонияда өтеп жатырмын.
– Өткен күнге қарап қандай ой түйесіз? Іштей қандай өкініш бар?
– Күн сайын өткен күндерді ойлап өзегім өртенеді. Сол кезде ағамыз бізді азғырмағанда, әкем соның сөзіне еріп, бәрімізді жетектеп алып кетпегенде ғой деп сан мәрте күрсінемін... Мүмкін, елде қалғанымызда әкем де, ағам да тірі жүрер ме еді, біз де жастық шағымызды бейбіт елде өткізер ме едік. Бірақ енді өткен іске өкінгенмен уақытты кері қайтара алмайсың. Болар іс болды. Ең бастысы — біз сол қантөгістен аман шығып, Қазақстан топырағына жеттік. Анамыз бен бауырларым елде, аман. Мен үшін ең басты жұбаныш — осы. Ендігі мақсатым — жазамды толық өтеп, тезірек бостандыққа шығып, өмірімді таза парақтан бастау, анама тірек болу. Ал менің тағдырым — өзгелерге, әсіресе үлкендердің сөзіне соқыр сеніммен еріп кетуге дайын тұрған жастарға үлкен сабақ болса деймін.