«Бір қадам — бес жылдық азап: Сириядан оралған әйелдің әңгімесі»
Редакциядан: Қасіретті қақтығыс ошағына айналған Сирия топырағына жат ағымның арбауымен кеткендердің арасында өмірдің ауыр соққысынан есеңгіреп, рухани тығырыққа тірелген қарапайым әйелдер де аз емес. Өмірдегі орны толмас қаза, отбасылық дағдарыс пен жат пиғылды үгіт-насихат бір сәтте адамның тағдырын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Бүгінгі кейіпкеріміз – 42 жастағы Айғаным [есімі өзгертілген]. 2014 жылы Түркияға демалуға барып, соңынан Сирияның шекарасын аттап, бақандай бес жыл соғыс құрсауында қалған кейіпкеріміз басынан кешкен ауыр сынақтары, Раққадағы аштық пен үрейге толы күндері, қашып шығу әрекеттері және «Жусан» операциясы арқылы елге қайта оралғаннан кейінгі өмірі туралы ашық айтып берді.
Алаңсыз өткен балалық шақ пен алғашқы ауыр соққы
– Айғаным, әңгімемізді өзіңіздің өскен ортаңыздан, балалық шағыңыздан бастасақ. Өмір жолыңыз қалай басталған еді?
– Мен Оңтүстік Қазақстанның тумасымын. Өте қарапайым, берекесі мен жылуы жарасқан отбасында дүниеге келдім. Ата-анамның шексіз махаббатына бөленіп, бауырларыммен бірге алаңсыз өстім. Үйде қатты қиындық көрген жоқпын. 22 жасымда тұрмыс құрдым. Жолдасым жағдайымды толық жасады, ештеңеден тарықтырмады десем де болады. Бірақ оның өзіндік бір қатал талабы бар еді: ол мені сыртқа көп шығармайтын, жұмыс істеуіме рұқсат бермеді. Мен тек үй шаруасымен айналысып, үйде отырдым.
– Өміріңіз тыныш әрі тұрақты сияқты көрінгенімен, кейіннен үлкен сынақтарға тап болдыңыз ба?
– Иә. Сырт көзге бәрі керемет болып көрінгенімен, біз отау құрғаннан кейін тұңғышымызды көп жыл күттік. Арада біраз уақыт өткенде аяғым ауырлап, қуанышымда шек болмады, бірақ тағдырдың жазуымен сәбиімнен айырылып қалдым. Сол кез өмірімдегі ең ауыр «бетбұрыс» болды. Өйткені сол уақытта әкем де ауырып, о дүниелік болып кетті. Бір сәтте әрі әкемнен, әрі баламнан айырылу маған өте ауыр соққы болды. Жүрегім қарс айырылып, рухани тұрғыда терең күйзеліске түстім.
Шаңырақтың шайқалуы және дінге бетбұрыс
– Бірақ кейін қызды болдыңыз ғой. Бұл қуаныш отбасыңызды қуанышқа бөлегендей.
– 2009 жылы көптен күткен қуанышым болып, өмірге қызым келді. Ол мен үшін өмірге деген үмітті қайта оятқандай болды. Дегенмен, бұған дейінгі ауыр жағдайлар, ішкі психологиялық дағдарыс жолдасым екеуміздің арамызға өз салқынын тигізбей қоймады. Қарым-қатынасымыз күннен-күнге нашарлай берді, түсіністік жоғалды. Дәл осы күйеуіммен қарым-қатынасым бұзыла бастаған шақта мен намаз оқып, дінге бет бұрдым. Жолдасым басқа жерлерге көп жібермегенімен, мешітке баруыма қарсы болмайтын. Алайда отбасымызды сақтап қалу мүмкін болмады, ақыры екеуміз екі жаққа кеттік. Қызымды алып, анамның үйіне көшіп бардым.
– Жан жарақаты жазылмаған шақта жат елге сапар шегу туралы ой қалай пайда болды?
– Ажырасқаннан кейін жан дүнием қатты шаршап кетті. Ойымды бөлгім келді, ел-жер көріп, жаңа бір тыныс алғым келді. 2014 жылы бес жастағы қызымды анама аманаттап қалдырып, Түркияға баруға бел будым. Барлық құжаттарымды, паспортымды дұрыстап, турист ретінде ұшып бардым. Қолымда екі айдан кейін Қазақстанға қайтатын кері билетім де бар еді. Менің бастапқыда ешқайда қалатын немесе соғысқа баратын ойым мүлдем болған жоқ.
Алдамшы елес және Раққадағы қақпан
– Түркияға барған соң Сирияға өтіп кетуіңізге не себеп болды? Бұл қалай орын алды?
– Түркияға барғаныма шамамен екі аптадай ғана болған еді. Сол кезде таныстарымның арасында «Сирияда Ислам мемлекеті құрылып жатыр, ол жақта шариғатпен өмір сүреді, мұсылмандарға барлық жағдай жасалуда» деген сияқты үгіт-насихат кеңінен айтыла бастады. Білімнің таяздығы мен ішкі әлсіздіктің салдарынан қызығушылық пайда болды: «Расымен солай ма, барып көрейікші, жағдайын көрейік» деген оймен, жанымдағы таныстарыммен бірге Сирия шекарасына қарай жол тарттық.
Шекараны бір аттағаннан кейін-ақ кері қайтар жолдың жабық екенін бір-ақ білдік. Ол жаққа кіру оңай болғанымен, шығу мүлдем мүмкін емес екен. Паспорттарымызды тартып алып, шекараның арғы бетінде қамалып қалдық.
– Сириядағы алғашқы күндеріңіз қалай өтті? Қандай жағдайда өмір сүрдіңіздер?
– Басында не болып жатқанын түсінбей, есеңгіреп қалдым. Елде қалған қызымды ойлап, күн-түн демей егіліп жылаумен болдым. Кейін бізді Раққа қаласына апарды. Ол жақта жалғызбасты, күйеуі жоқ әйелдерге арналған арнайы жатақхана сияқты үйлер болатын, сонда орналастырды. Күнделікті өмір сүру сұмдық қиын болды: тамақ тапшы, нағыз аштық пен жоқшылық жайлады. Ешқандай жағдай жоқ, төбеден бомба жауып тұрған қауіптің ортасы.
Қашып шығу амалы мен екінші неке
– Ол тұйықтан қашып шығудың амалын қарастырмадыңыз ба?
– Әрине, мен тек сол жерден қалай аман кетудің жолын ғана іздедім. Бір күні «соғыста ауыр жарақат алғандарды емделу үшін Түркияға өткізіп жатыр екен» деген сөзді естідім. Сол сәтте ойымда бір ғана жоспар туды: соғыста жараланған біреуге тұрмысқа шығып, оны емдетуге алып баратын адам ретінде Түркияға өтіп кетсем, сол жақтан Қазақстанға қашып кетсем деген дәме болды.
Әйелдердің дәнекер болуымен соғыста ауыр жарақат алған басқа ұлт өкілімен танысып, соған тұрмысқа шықтым. Алайда, кейін онымен емделу үшін Түркияға бару туралы сөз қозғалғанда, ол: «Мен ол жаққа бармаймын, біз бара алмаймыз», – деп үзілді-кесілді бас тартты. Бар жоспарымның күлі көкке ұшты. Амалым таусылып, оған өзімнің Түркияға қашып кету үшін ғана тұрмысқа шыққанымды ашық мойындадым. Дегенмен, көп ұзамай тағы бір соғыстың, шабуылдың салдарынан сол тұрмысқа шыққан жолдасым қайтыс болды. Мен қайтадан әлгі әйелдерге арналған үйге барып тұруға мәжбүр болдым.
– Ал елдегі жақындарыңыз, анаңыз бұл жағдайды білді ме?
– Бастапқыда үйдегілерге ештеңе айтқан жоқпын. Олар мені Түркияда жүр деп ойлады. Бірақ кейін жағдай тым ушығып, кері қайта алмайтыным анық болған соң, анама бар шынымды айтуға тура келді. Сирияда қалып қойғанымды, қазір елге келе алмайтынымды, осындай жағдайға тап болғанымды жеткіздім.
«Жусан» операциясы және елге оралу
– 2018 жылдан бастап қашуға нақты әрекеттер жасаған көрінесіз...
– Иә, 2018 жылдың аяғына қарай барлық мүмкіндікті іздей бастадым. Себебі ол жақта қалу – нағыз өлім еді. Адам таситын делдалдар арқылы қашып шығудың амалын іздеп, анамнан қаржылай көмек сұрадым. Әр адамның басына шамамен 5 000 АҚШ долларындай ақша талап етілді. Осылайша жанталасып, шекараға қарай қашып жүрген кезімізде, 2019 жылдың басында Қазақстан үкіметінің Сириядағы өз азаматтарын елге қайтару бойынша «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясын өткізіп жатқанын естідік. Бұл біз үшін қараңғы түнекте жанған соңғы үміт шырағы болды.
Сол үлкен операцияның нәтижесінде, 2019 жылдың мамыр айында туған жерге, Қазақстанға оралудың сәті түсті. Елге келген бойда Ақтау қаласындағы арнайы орталықта бір ай көлемінде кешенді оңалтудан (реабилитациядан), психологтар мен теологтардың көмегінен өттік.
– Елге келген соң жақындарыңызбен қауышу қалай өтті? Заң алдында жауап бердіңіз бе?
– Ақтаудағы реабилитация аяқталғаннан кейін анам мені құшақ жая қарсы алып, қабылдады. Өйткені ол менің қандай қателік жасағанымды және сол бес жылда қандай азап шеккенімді жақсы білді. Әрине, заң баршаға ортақ. Елге келгеннен кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабы («Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру») бойынша тергеу жүріп, сот маған шартты жаза (условный срок) тағайындады.
Жаңа өмір және өткенге өкініш
– Қызыңызбен қайта табыса алдыңыз ба? Бүгінгі таңда өміріңіз қалай қалыптасты?
– Мен кеткен кезде бес жаста қалған қызымды кейіннен әкесі өз қолына алып кеткен екен. Қазіргі таңда қызым әкесімен бірге тұрады. Әрине, ана үшін баласынан жырақта болу оңай емес, бірақ ең бастысы – оның амандығы. Біз қазір қызыммен тұрақты түрде араласып, сөйлесіп тұрамыз.
Шартты жазамды өтеу барысында Астана қаласында тұрақтап қалдым. Қазір елордада өмір сүріп жатырмын. Астанада өзімнің теңімді тауып, бір азаматқа тұрмысқа шықтым. Бүгінде сол кісімен жаңа отбасы құрып, бейбіт те тыныш өмір сүрудемін.
– Басыңыздан осыншама ауыр тағдырды өткерген адам ретінде, оқырманға, әсіресе өмірлік тығырыққа тірелген жастарға не айтар едіңіз?
– Өмірде қандай қиындық болса да, жақыныңнан айырылсаң да, отбасың бұзылса да, ешқашан сезімге немесе интернеттегі алдамшы уағыздарға еріп, асығыс шешім қабылдамау керек. Білімсіздік пен соқыр сенім – адамды түбіне жететін қауіпті нәрсе. Мен өмірімнің ең асыл бес жылын аштық пен қорқыныштың арасында, өлімнің құшағында өткіздім. Бүгінгі бейбіт өмірім, елдегі тыныштық – мен үшін шексіз бақыт. Ең бастысы – адам қателігін түсініп, одан сабақ алып, өмірді адал әрі дұрыс сүруге ұмтылуы керек деп санаймын.