«Мама, бізді қайда алып келдің?»
Редакциядан: Әлеуметтік қиындық, жалғыздық пен күйзеліс кейде адамды орны толмас қателікке жетелейді. Жат ағымның арбауына түскендер «бақытты өмір», «әділ қоғам» іздеп барғанымен, соғыс ошағында оларды тек өлім мен қорқыныш, аштық пен қасірет күтіп тұрған еді. Бүгінгі кейіпкеріміз Сания [есімі өзгертілген] – осындай жалған үгітке сеніп, бала-шағасымен Сирияға аттанып, сәбиінен айырылған ана. 2019 жылы «Жусан» гуманитарлық операциясымен елге оралған ол басынан кешкен сұмдық күндерін, жарылыстың астында қалған сәттерін және жат жерде көрген қасіретін көз жасымен бөлісті.
Тұрмыстық тауқымет пен алдамшы шешім
– Сания, елден кетуге не себеп болды? Сізді жат жерге жетелеген қандай жағдай еді?
– Өмірімдегі ең үлкен қиындық жолдасымның қайтыс болуынан басталды. Күйеуімнен ерте айырылып, артымда кішкентай балаларыммен жесір қалдым. Жалғыз өзіме пәтер жалдау, балаларды асырау күннен-күнге қиындап кетті. Әлеуметтік тауқымет, тұрмыстың ауыртпалығы жан-жақтан қысқанда, бойымды шарасыздық биледі. Сол кезде діни бағытта уағыз айтып, «ол жақта мұсылмандарға барлық жағдай жасалады, баспана беріледі, қиналмай өмір сүресіңдер» деген алдамшы сөздерге сеніп қалдым. Осылайша 2015 жылдың желтоқсанында Түркия арқылы Сирияға кетуге бел будым.
– Балаларыңыз бұл сапар туралы не білді?
– Ештеңе білмеді. Желтоқсан айы болғандықтан, кішкентайларым: «Мама, жаңа жылға орай бізді қыдыртуға апара жатыр», – деп қатты қуанды. Оларды саяхатқа шықтық деп ойлатып, өз қолыммен қақпанға алдап алып барғандай болдым. Бұл өкініш менің өзегімді әлі күнге дейін өртейді.
Түркиядағы тұзақ және кері қайтар жолдың болмауы
– Түркияға барғанда сіздерді қалай қарсы алды? Сирияға қалай өттіңіздер?
– Шетелге табан тіреген бойда бізді қазақ пен ұйғыр азаматтары қарсы алды. Барған бетте олар менің екі ұлымды бөлек алып кетті. Бізден жеке куәліктерімізді, паспорттарымызды және ұялы телефондарымызды тартып алды. Содан кейін бір үлкен үйге алып барды, сырт көзге ол үйде ешкім жоқтай, қаңырап бос тұрғандай көрінді.
Біз сол үйде бір жылдай болдық. Бізге қатаң ережелер мен тәртіпті түсіндіре бастады. Арада біраз уақыт өткен соң ғана әлгі үйдің бөлме-бөлмелерінен басқа да әйелдер шыға бастады. Сол кезде-ақ жағдайдың басқаша екенін сездім.
– Сол кезде кері қашып, Қазақстанға оралу туралы ой келмеді ме?
– Кетіп қалғым келді, бірақ біздің санамызды үреймен улап тастаған еді. «Егер Қазақстанға қайтып барсаңдар, сендерді бірден түрмеге қамайды, соттайды» деп қорқытты. Құжаттарым жоқ, балаларымның жағдайы белгісіз. Қорқыныштан есеңгіреп: «Түркияда осындай қиын болса, Сирияға жетсек бәрі жақсы болатын шығар, тыныш өмір басталар» деп өзімді жұбаттым. Алайда 2017 жылдың басында Сирияның шекарасын аттап, ортасына барғанда, Түркияда көргеніміз жай ғана бастамасы екенін түсіндік. Ол жақ нағыз соғыс тозағы болып шықты.
Қантөгіс ошағы: Хамам, Ракқа және Меядин
– Сирия топырағын басқан сәтте көрген алғашқы көрінісіңіз қандай еді?
– Бізді алдымен Хамам деген елді мекенге алып келді. Ол жер адам лық толы үлкен вокзалға ұқсайтын. Сан мыңдаған жылаған әйелдер мен үрейленген кішкентай балалар... Одан кейін бізді Ракқа қаласына апарды. Ракқада төбеден үздіксіз бомба түсіп, жер сілкінгендей жарылыс дауыстары тоқтамайтын. Сол кезде үлкен қызым шыдай алмай: «Мама, бізді қайда алып келдің?» – деп егіліп жылады. Оның жанарындағы қорқынышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді.
Кейін Меядинге ауыстырды. Ол жақта да күні-түні жарылыс, көшеге шығуға тыйым салынған. Мен өз көзіме өзім сенбей, есеңгіреп: «Балаларым, біз баратын жер бұл емес, біз басқа жерге барамыз», – деп оларды да, өзімді де алдаумен болдым. Балаларым да жағдайды түсініп: «Мама, бұл жерден тез кету керек. Тек ешкімге ештеңе айтпаңыз. Егер артық сөйлесек, бізді алып кетеді», – деп сыбырласатын. Бірақ шығар жол мүлдем жоқ еді.
Қаралы күн: ұлымнан айырылып, жарылыстың астында қалған сәт
– Басыңыздан өткен ең ауыр сынақ, сәбиіңізден айырылған қаралы күн туралы айта аласыз ба?
– Ол жақта ас-су жоқ, аштық пен жоқшылықтан әбден тарықтық. Бір күні балаларыма тамақ тауып беру үшін көше кезіп жүргенбіз. Сол сәтте тура үстімізге бомба құлады. Дүние астан-кестең болды. Үлкен ұлым екеуміз ауыр жарақат алдық. Ал кіші ұлым... сол жарақаттан тіл тартпай кетті. Балапаным көз алдымда үзіліп кете барды.
Өзім қансырап, мең-зең болып қалдым. Қозғалуға, орнымнан тұруға шамам келмейді. Ал үйде үш бауырымен үлкен қызым мені күтіп қалған болатын. Кейін білдім, жарылыстан кейін бейтаныс біреулер келіп: «Сенің анаң да, ағаларың да қайтыс болды, жарылыста өлді, бізбен жүріңдер», – деп қалған балаларымды алып кетпекші болыпты. Бірақ үлкен қызым: «Жоқ, менің мамам тірі, келеді!» – деп, табандап үйден шықпай қойған екен. Егер қызым соларға ілесіп кеткенде, мен қалған төрт баламнан да біржола айырылып қалар едім.
– Ауыр жарақатпен қалған балаларыңызға қалай жеттіңіз?
– Денем сау-тамтықсыз болса да, үш күн бойы жанталасып шыдадым. Жүре алмаймын, бірақ жүрегімде «балаларым тірі, олар мені күтіп отыр» деген бір түсініксіз тыныштық, сенім болды. Айналамдағылардың бәріне жылап жалындым: «Мені балаларыма жеткізіңдерші, өтінемін», – деп. Ақыры таяққа сүйеніп, жер бауырлап жылжыдым.
Сөйтіп жүргенде бір орыс тілді келіншек кезігіп: «Жолдасымның көлігі бар, сізді апарып тастайық», – деп көмектесті. Балаларым үйден қорқып шығып, мешітке барып түнеген екен. Ол жерден оларды Рита есімді бір әйел паналатып, үйіне алып кетіпті. Сол Ританың үйіне барғанымда, үлкен қызымның көз жасы тыйылмай, көздері ісіп кеткенін көрдім. Балаларым мені тірі деп ойламаған, не өлі, не тірі екенімді білмей зар жылаған ғой. Кішкентайларым болса ештеңені толық түсінбей, далада ойнап жүр екен... Бұл балаларым үшін нағыз психологиялық тозақ болды.
«Бауырластық» деген бос сөз және елге оралу
– Сол жақта жүріп «мұсылман бауырластығын» көрдіңіздер ме? Адамдар бір-біріне қалай қарайтын?
– Ешқандай бауырластық та, мейірім де жоқ. Әркім ол жаққа әртүрлі мақсатпен барған. Бірі соғыс іздесе, бірі ақша, бірі мансап іздеген. Тіпті жарылыс болып, жаныңда адам қансырап жатса да, ешкім саған көмекке ұмтылмайтын, бәрі өз басын алып қашуды ғана ойлайтын. Біздің елдегі тыныштық пен туған жердің қадірін сонда ғана шын жүрекпен түсіндім.
– Қазақстанға қалай оралдыңыз? Қазіргі тағдырыңыз қалай өрілуде?
– 2018 жылдың соңы мен 2019 жылдың басында Қазақстанның Сириядағы аналар мен балаларды құтқару бойынша «Жусан» операциясын бастағанын білдік. 2019 жылы сол гуманитарлық операцияның арқасында бес баламды бауырыма басып, елге аман-есен оралдым. Менің жасаған қателігім өте ауыр, ол жаққа барғаныма өмір бойы өкініп өтемін. Бүгінде заң алдындағы жазамды өтеп жатырмын.
Қазіргі ең үлкен арманым – қалған балаларымды аман-есен өсіріп, оларға дұрыс тәрбие беру. Менің оқиғаларым басқа аналарға, бейбіт өмірдің қадірін білмей жүрген адамдарға үлкен сабақ болса екен деймін. Ешбір жалған уәде, ешбір елес баланың бір тамшы көз жасына да, туған елдің тыныштығына да татымайды.