Ақпарат арқылы қорғау: балалар экстримизмге қарсы.

Қазіргі цифрлық қоғамда балалардың дүниетанымына әлеуметтік желілер мен интернет үлкен ықпал етеді. Смартфон мен түрлі платформалар білім алуға мүмкіндік бергенімен, деструктивті және экстремистік идеялардың таралуына да жол ашады. Сондықтан балаларды мұндай ықпалдан қорғау тек қауіпсіздік мәселесі емес, сонымен бірге тәрбие, білім беру, психология және медиа сауаттылықтың ортақ міндеті.

Қазіргі таңда экстремистік идеялар ашық үндеулер арқылы ғана емес, жастардың қызығушылығына бейімделген қысқа бейнероликтер, әзіл, спорт, мотивациялық контент және эмоционалды оқиғалар арқылы таралады. Мұндай материалдар көрерменнің сеніміне біртіндеп еніп, кейін діни немесе идеологиялық ойларды ұсынады. Сондықтан баланы ақпараттан оқшаулау емес, ақпаратты саралап, сыни тұрғыдан бағалауға үйрету маңызды.

Мысалы, әлеуметтік желідегі спорт немесе әзіл тақырыбындағы бейнероликтің ортасында «Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқандай...» деген тіркес арқылы діни пікір берілуі мүмкін. Көп жағдайда көрермен хадистің қайдан алынғанын немесе оның сенімділігін тексермейді. Осылайша діни бедел белгілі бір көзқарасты дәлелдеудің құралы ретінде қолданылуы ықтимал. Сондықтан кез келген діни ақпаратқа қатысты оның дереккөзі, контексті және мақсаты міндетті түрде бағалануы қажет.

Әлеуметтік желілердің алгоритмдері де маңызды рөл атқарады. Пайдаланушы белгілі бір тақырыптағы контентті көбірек көрген сайын, соған ұқсас материалдар ұсынылады. Нәтижесінде бейтарап көрінген ақпарат біртіндеп белгілі бір дүниетанымдық немесе идеологиялық кеңістікке бағыттауы мүмкін. Осы себепті балаларға әлеуметтік желілердің қалай жұмыс істейтінін, эмоция мен беделдің пікір қалыптастырудағы әсерін түсіндіру қажет.

Экстремизмнің алдын алуда эмоциялық тұрақтылықтың маңызы ерекше рөл атқарады. Жалғыздық, түсінілмеу, өмірдің мәнін іздеу сияқты жағдайлар жасөспірімдерді түрлі ықпалдарға бейім етеді. Кейбір деструктивті топтар дәл осы эмоциялық қажеттіліктерді пайдаланып, «біз сені түсінеміз», «бізбен бірге бол» деген идеяларды ұсынады. Сондықтан баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен, шығармашылықпен айналысуына, жаңа достар табуына жағдай жасау профилактиканың маңызды бөлігі.

Осы тұрғыдан алғанда, «Смартфонсыз он күн» сияқты жазғы лагерьлердің тәрбиелік маңызы зор. Мұндай жобалар балаларды технологиядан толық бас тартуға емес, оны саналы пайдалануға үйретеді. Табиғат аясындағы демалыс, ұлттық ойындар, кітап оқу, пікірталастар, шығармашылық және спорттық іс-шаралар балалардың әлеуметтік дағдыларын дамытып, виртуалды әлемнен уақытша алыстауына мүмкіндік береді.

Балаларды экстремизмнен қорғауда отбасының рөлі де ерекше. Отбасында ашық қарым-қатынас, өзара сенім және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие қалыптасқанда, бала сыртқы ықпалдарға сын көзбен қарай алады.

Сонымен қатар жастарға сапалы балама ақпараттық контент ұсыну қажет. Ғылыми негізделген қысқа бейнероликтер, анимациялар, сұхбаттар және әлеуметтік эксперименттер арқылы әлеуметтік желідегі манипуляциялар, діни ақпаратты тексеру жолдары, экстремизм мен дәстүрлі діннің айырмашылығы, алгоритмдердің жұмысы және сыни ойлаудың маңызы түсіндірілгені тиімді. Мұндай контентті әзірлеуде дінтанушылар, психологтар, педагогтер және медиа мамандарының бірлескен жұмысы үлкен маңызға.

Балалардың бойында қалыптасуы тиіс негізгі қабілеттердің бірі – ақпараттық иммунитет. Бұл – кез келген ақпараттың авторын, мақсатын, дереккөзін және дәлелдерін талдай білу қабілеті. Бала «Бұл ақпаратты кім жариялады?», «Мақсаты қандай?», «Басқа сенімді дереккөздер не дейді?» деген сұрақтарды қоюға дағдыланғанда, манипуляция мен экстремистік насихатқа қарсы тұра алады.

Қорытындылай келе, балаларды экстремизмнен қорғау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – отбасы, мектеп, мемлекет, дінтанушылар, психологтар, педагогтар және медиа мамандарының бірлескен жауапкершілігі. Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие, ақпараттық сауаттылық, эмоциялық тұрақтылық және сыни ойлау қабілеті қалыптасқан жас ұрпақ қана деструктивті идеологияларға қарсы ең сенімді қорған бола алады.